Халықаралық пән олимпиада жеңімпаздары ЖОО-на ҰБТ-сіз қабылданады.
Тарихта әр салада жаңалықтар ашып, таңдаулы шығармалар мен қызметтер ұсынған дарынды қабілеттер әрқашан жоғары бағаланған. Қай мемлекеттің де негізгі тірегі – білімді де, іскер белсенді тұлға. Сондықтан қоғам талабына сай сол қоғамды көркейтетін, дамытатын тұлға тәрбиелеу ең маңызды мәселе екені даусыз.
Дарынды балалар еліміздің интеллектуалдық элитасын қалыптастыратын ұлттық құндылық саналатынын ескерсек, бүгінде мемлекет тарапынан оларға жасалып жатқан қамқорлық пен қолдаудың аясы кең.
Биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың дарынды балаларды қолдау үшін шаралар әзірлеуді тапсыруы соның бір дәлелі. Қазіргі таңда үкімет тарапынан заңнамаға түзетулер енгізілді. Түзетулер халықаралық пән олимпиадаларының жүлдегерлеріне жоғары оқу орындарына ҰБТ-сіз, яғни конкурстан тыс негізде білім алу үшін гранттар беруді, сондай-ақ осы олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері және оларды даярлаған педагог- жаттықтырушыларға да біржолғы ақшалай сыйақы төлеуді көздейді.
Оқушыларды ынталандыру үшін алтын медаль иегерлеріне — 1500 АЕК, күміс медаль – 1000 АЕК, қола медаль – 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы тағайындау да жоспарланып отыр.