«Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың өзекті мәселелері: бүгіні мен болашағы» атты облыстық дөңгелек үстел
Жамбыл облысы білім басқармасының басшысы Бейқұт Тлебалдыұлының тікелей басшылығымен 25 ақпан күні облыстық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері үшін дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Бұл іс-шараға ауданымыздан Иван Трубицын атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, «Үздік педагог – 14» жүлдегері Бектіғұлова Назира Макұлбекқызы, №1 мектеп-гимназиясының мұғалімі Сейсенбаева Жанар Мухтарқызы, №2 Аспара мектебінің мұғалімі Бабалиев Алимжан Абзалбекұлы және М.Мәметова атындағы №13 мектебінің мұғалімі Каринбаева Сандуғаш Жақсылықбайқызы қатысып, өзіндік ой-пікірлерін білдіріп қайтты.
«Ана тілі – халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», – деп Жүсіпбек Аймауытұлы атап айтқандай, дөңгелек үстел барысында ұлттың болашағын ойлаған әріптестеріміз көкейінде жүрген өзіндік орны бар өзекті мәселелерді көтеріп, ойларымен бөлісті. Атап айтсақ, оқу бағдарламалары мен оқу мақсаттарын жүйелеу қажеттігіне және оқулық құндылықтарын қалыптастыру, оқулыққа енген шығармалардың баланың жас ерекшелігіне сай таңдалуы, пән мұғалімдерінің арнайы пән лингвистикасы аясында курстардан өту қажеттігі сынды ауқымды мәселелер қозғады. Оқыту қазақ тілінде емес сыныптардағы мемлекеттік тілдің өз дәрежесінде оқытылу жайы да көтеріліп, мемлекеттік тілімізді оқыту арқылы мемлекеттің құндылықтары мен қағидаттарын құрметтеуді қалыптастыруда орыс сыныптарындағы «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнін «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» пәндері ретінде бөліп оқыту қажеттігі де айтылды.
Сонымен қатар дөңгелек үстелге қатысушы ЖОО-ң ғалымдары қазақ тілі мен әдебиетін оқыту сапасын арттыру мақсатында ЖОО-н байланысты нығайту, қазақ тіліндегі грамматика мәселелерін, педагогтердің қазақ тілін оқыту сапасын арттыру және қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнін оқытудағы жаңа тәсілдерді қарастырудың маңыздылығына да тоқталып өтті.

«Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың өзекті мәселелері: бүгіні мен болашағы» атты облыстық дөңгелек үстел

«Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың өзекті мәселелері: бүгіні мен болашағы» атты облыстық дөңгелек үстел
