ҰБТ-2021: Тестілеу алғаш рет электрондық форматта өтеді

Биыл мектеп бітіруші түлектер мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін 15 сәуірден бастап 30 маусымға дейін электрондық форматта ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыса алады. ҰБТ-ға өтінішті http://app.testcenter.kz/ сайты арқылы беруге болады.
Мемлекеттік білім грантын ұтып алуға ниеттенген үміткерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі мәрте тапсыра алады, егер талапкер сәуір айында тестілеуден өткен болса, оның ҰБТ-ны екінші рет бірнеше күннен кейін немесе мамыр не маусым айларында тапсыру мүмкіндігі болады.
Қатысушылар тапсырмаларды кез-келген пәннен бастай алады. Тестілеу аяқталғанға дейін жауап берілген сұрақтарға қайта оралып, жауаптарды түзетуге болады. Талапкерлерге ыңғайлы болу үшін ҰБТ барысында компьютер экранында калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестелері қолжетімді болады. Тестілеудің 60 минутынан кейін бітірушілерге көзге арналған және дене жаттығуларын орындау үшін екі минуттық үзіліс, 120 минуттан кейін 15 минуттық үзіліс беріледі. ҰБТ нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады. Тестілеу қорытындысы бойынша жиналған ұпай саны экранға шығарылады. Сондай-ақ ҰБТ қатысушысы қандай сұрақтарға қате жауап бергенін бірден көре алады. ҰБТ нәтижелерімен келіспеген жағдайда талапкер келесі күнді күтпей-ақ апелляцияға өтініш бере алады.
Педагогикалық мамандықтар бойынша білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ-ның шекті балы 75-ке дейін ұлғайтылды. Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін немесе ақылы негізде оқуға түсу үшін:
«Педагогикалық ғылымдар» саласы бойынша кемінде 75 балл;
«Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» саласы бойынша кемінде 65 балл;
«Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру салалары бойынша кемінде 60 балл;
Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл, ал басқа жоғары оқу ұйымдарына кемінде 50 балл қажет.
Ұлттық бірыңғай тестілеуде түлектерге сәттілік тілейміз!