Меркі ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде “Ұстаз ұлық бәрінен… “ атты ұстаздар мерекесіне орай мерекелік іс-шара өтті.

Мерекелік кешке Меркі ауданы әкімі – Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы, “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ Жамбыл облысы бойынша кәсіби даму институты басшысы – Құрманбекова Сұлушаш Сатбекқызы, Жамбыл облысы білім басқармасының ардагер қызметкері – Бекбатырова Жәмилә Елеуқызы, Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы » қоғамдық бірлестігінің филиалы » Меркі аудандық комитетінің » төрайымы – Асанжанова Мадина Болысбекқызы сияқты мәртебелі қонақтар аудан ұстаздарын “Ұстаздар күні” мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Сондай-ақ, салтанатты жиынға ұстаздықты жанына серік еткен, зейнеткер ұстаздар мен ардагер ұстаздар келді.

Бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, білім саласындағы ерен еңбегімен еленген мерейжас иелері мен ұзақ жылдар білім саласында қажырлы еңбек етіп, зейнетке шыққан ұстаздарды аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Аханқызы мен Білім қызметкерлері кәсіподақ төрайымы Мадина Болысбекқызы марапаттады.

Өнерлі ұрпақтарымызды тәрбиелеуде елеулі еңбек сіңірген, педагогтардан құралған Жақсылықовтардың «Ұстарыма» атты жаңа әнінің тұсаукесері кесіліп, №2 балалар саз мектебі ұстаздарынан құралған ұлттық аспаптар ансамблінің музыкалық сәлемімен бірге, «Үміт» сарайының балғын балалары өз өнерлерімен жиналған қауымды қуантты.
Жүрегінің жан жылуын жас ұрпақтың баянды болашағына арнаған, мұғалім әрқашанда құрметке лайық. Білім беру жолында ұзақ жылдар абыроймен еңбек еткен ардагер ұстаздарымыздың еңбегі әр шәкірттің жадында мәңгі сақталады. Ұстаздардың ұстазына айналған ардагер ұстаздарымызға әсем ән мен сый-құрмет көрсетіліп, сыйлықтар мен гүлшоқтары тарту етілді.