МЕКТЕП ДИРЕКТОРЛАРЫ ПЕДАГОГТАРДЫ ТІКЕЛЕЙ ЖҰМЫСҚА ҚАБЫЛДАМАЙДЫ
Педагогтердің мәртебесін арттыру мақсатында 2022 жылдың қаңтар айынан бастап, «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 бұйрығына (ҚР Білім және ғылым министрінің 19.11.2021 жылғы № 568 бұйрығымен өзгерістер мен толықтыруларына сәйкес), Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.11.2021 жылғы № 432 бірлескен бұйрығының негізінде мемлекеттік білім беру ұйымдарының мекеме басшыларын тағайындау және шағын жинақталған мектептерді, бөбекжай-бақшаларын қоспағанда орта мектептерде барлық бос және (немесе) уақытша мұғалімдерді жұмысқа қабылдау процесі ашық түрде ұйымдастырылып, электрондық форматқа көшірілді.
Енді мекеме басшыларын облыстық білім басқармасы тағайындаса, мұғалімдер жұмысқа тікелей мекеме басшысы емес, конкурстық комиссия шешімімен қабылданады. Жаңа тәртіпке сәйкес, білім беру ұйымдары барлық бос немесе уақытша бос лауазымдарға конкурс өткізеді. Оған біліктілік талаптарына сай келетін мұғалімдер қатысады. Әрбір үміткер конкурсқа алдымен өтінішін, бағалау парағын ұсынады. Жоғары оқу орындары мен колледж түлектері бірден жұмысқа қабылданбайды. Алдымен, түлектер ұлттық біліктілік тестілеуінен өтіп, педагогтің бірінші санатын алуы қажет. Ережеге сәйкес үміткердің біліктілік санаты міндетті түрде болуы қажет. Содан кейін ғана жұмысқа қабылданады.
Аталған шаралардың барлығы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және педагог лауазымына үміткерлерді сапалы іріктеуге бағытталған.