
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет – болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру. Осы мақсатта бүгін ауданымызда «Бақытты бала – бақытты ел» атты мерекелік мәдени іс-шара өтті. Мәдени іс-шара көңілді шерумен басталып, Меркі ауданы әкімінің орынбасары Б.Бегалиев пен облыстық «Өрлеу» БАОҰ» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры С.Құрманбекова сөз алып, ел ертеңі – бүгінгі ұрпақ, олардың дені сау өсіп, сапалы білім алып дамуы мен көркеюіне өз үлесін қосып отырған ата-аналарға, ұстаздарға шексіз алғысын білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялай отырып, «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі, өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін» атап өткендей, бүгінгі мерекеде аудандық білім бөліміне қарасты бөбекжай бүлдіршіндерінен бастап, мектеп оқушыларының, қосымша білім беру ұйымдарының білімалушылары өз өнерлерін ортаға салды.

Сонымен қатар көрермендерге арналған «Әлем балалар көзімен» тақырыбында фотоаймақтар, көрмелер, танымдық-көпшілік ойын-сауықтар, спорттық жарыстар ұйымдастырылды.
Мерекелік іс-шара соңында барлық балаларға балмұздақтар таратылды.