Бүгін, аудан көлемінде мектептерде «Соңғы қоңырау» соғылып, ауданымызға үлгілі мектептердің бірі №5 мектеп-гимназиясында салтанатты іс-шара өтті
Соңғы қоңырау аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы мектеп ұжымы мен оқушыларды оқу жылының жемісті аяқталғанымен құттықтады. Аудан әкімі өз сөзінде: «Міне, тағы бір оқу жылы сәтті аяқталып, ауданымыздың 863 түлегі күндізгі және кешкі мектепті бітіргелі тұр. Жалпы түлектердің 18-і Алтын белгіге үміткер болса, 103 оқушы Үздік аттестатқа ұсынылып отыр. Шәкірттеріміз бұл жолы да үмітімізді ақтайды деп сенемін. Ел сенімін, үлкендер үмітін ақтаймын деген талаптарыңызға нұр жауып, алдарыңыздан болашақтың даңғыл жолы ашылсын. Соңғы қоңырау үні – сіздерді арман биігіне жетелеп, үлкен өмір мектебіне шығарып салады», – деп түлектерге тілегін жеткізді.
Одан кейін, Халықаралық және республикалық білім додаларында жетістікке жеткен оқушыларды марапаттады.
Ары қарай, білім бөлімінің басшысы Айгерім Аханқызы мұғалімдер мен оқушыларды кезекті оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтап, тағы бірқатар оқушыларға түрлі марапаттарды табыстады.
Жалпы аудан бойынша биыл 863 түлек алтын ұясынан ұшса, оның ішінде №5 мектеп гимназиясында 35 түлек мектепті аяқтайды. Оның ішінде 1 түлек Алтын белгіге және 2 түлек Үздік аттестатқа үміткерлер қатарында.
Мектеп директоры Нурила Қойшыманова салтанатты жиында мектеп ұжымының, оның ішінде оқушылардың жеткен жетістіктерін баяндады. Ортаға мектептің мақтаныштары – байқау, жарыстардың үздіктері деп танылған қырық бес бала ортаға шақырып, «Жыл оқушысы» номинациясын тапсыру үшін аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлына сөз берді. Көптің шешімімен «Жыл оқушысы» Қылшабай Әмина Ерсейітқызы атанып, Кубокпен марапатталды.
Білім ордасын биыл жалпы 567 оқушы аяқтап, оның 98-сі оқу үздігі атанса, 297 оқушы оқу екпіндісі болып, білім сапасы – 76% ды көрсеткен. Сонымен қатар, аталған мектеп оқушылары Халықаралық және республикалық жарыстарда жетістіктерге жеткен. Атап айтсақ, Халықаралық пікірсайыс турнирінде 10 сынып оқушысы Жұбатхан Алина мен 8 сыныптан Асқар Бекжан «Брэйн ринг» ойынының жеңімпаздары атанса, «ShashyFest» халықаралық өнер фестивалінде «Ай-ару» би тобы Бас жүлдеге ие болған.