Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен 2022 жылдың 8 сәуір күні аудандық мәдениет үйінде «Жарқыра, самға, жарық жұлдыз!» атты дарынды оқушылар форумы өтті.
Мемлекет басшысы «Рухы биік еліміздің ертеңі бүгінгісінен де жарқын болуы – өрісі биік, білімді де талантты ұрпақтың қолында»- деп жастарға сенім білдірді.
«2022 жыл-Балалар жылына» орай, аудан мектептерінен жиналған үздіктердің үздігі, бәсекеге қабілетті, зерделі, білімді, өнерлі жастарға ерекше қошемет көрсетіп, ұлықтау мақсатында өткізілген форумға 200-ден астам дарынды балалар қатысты. Елбасы медалінің иегерлері, пән олимпиадаларының, ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары, жас математиктер, жас ақындар, көркемсөз оқудың шеберлері, өнерлі жұлдыздарымыз және Халықаралық, Республикалық түрлі байқаулардың жеңімпаздары арнайы сахна төрінде марапатталды.
Елбасының 2019 жылғы талантты, белсенді, жастарды қолдау мақсатында өткізілген,»Ел үміті» жобасына қатысып,»Елбасы медалін» алған оқушыларды аудан әкімінің орынбасары Б.Д.Бегалиев, пәндік олимпиада жеңімпаздарын аудандық білім бөлімінің басшысы А.А.Алтынбаева, зерттеуші жас ғалымдарды аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы М.Б.Асанжанова, жас ақындарды ауданымыздың құрметті азаматы, ақын Ш.Мамасерікова, жас спортшыларды жамбы атудан әлем чемпионы Е.А.Бадашев, өнертапқыштарды ауданымыздың ардагер ұстазы Б.Т Әлмейізова, жас сахна жұлдыздарын аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Р.Қ.Жантаев, Республикалық «Жұлдызай» байқауының жеңімпаздарын аудан кәсіпкері Т.А.Алтынбаев құттықтап, гүл шоқтары мен сыйлықтарын табыс етті. Форумға қатысушыларға арналып,»Елім менің»,»Нағыз қазақтың ұлымын», айтыстан үзінді, оригиналды жанрындағы қойылым,»Ты Супер» әндері айтылса,»Жібек Жолы» би тобының мың бұралған бишілері өнер көрсетті. Форумға келген қонақтар фойеде орналасқан дарындылардың әртүрлі байқауларға қатысу барысындағы жетістіктері қойылған көрмені тамашалады. Жас жеткіншектер үшін, форум – нағыз мерекелік көңіл-күй сыйлады. Форум соңында демеушілер тарапынан балаларға балмұздақ үлестіріліп, отшашулар шашылды.
Білікті бірді жығар, білімді мыңды жығар демекші, білім додаларында биік белестерден көрініп, аудан абыройын асқақтатар дарынды шәкірттеріміз көп болғай!