Рухани жаңғыру
Парасатты отбасы- бізде қонақта
Меркі аудандық білім бөлімі жоспары негізінде, №7, №28 жалпы орта білім беретін мектептердің ұйымдастыруымен 2021 жылдың 16 сәуір күні «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 жаңа есім» жобасына енген жомарт жүрек иесі Арыстанбаев Ғалым Қазбекұлы және оның жары Көбегенова Әлия Чолпанқұлқызымен кездесу өтті.
Кездесу барысында оқушыларға Ғ.Қ. Арыстанбаевтардың отбасылық бір күндік тыныс-тіршілігі, өмірі жайлы «Үлкен жүректі жаңдар» деректі фильмі көрсетілді. Кеш қонақтары Арыстанбаев Ғалым Қазыбекұлы және оның жары Көбегенова Әлия ханымға оқушылар тарапынан отбасы жағдайы, өмірбаяны, үлкен іске қадам басу себептері, бала тәрбиелеудегі қағидалары, қиыншылықтары туралы сұрақтар қойылып, ұтымды жауаптар алынды. Сұхбат соңыңда Ғалым мырза жас ұрпаққа өсиет, өнегесін айтып, жылы тілектерін білдірді.
Ұлттық өнер -ұрпаққа ұлағат
2021 жылдың наурыз айында аудандық білім және мәдениет бөлімдерінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында № 2 Аспара мектебінің 1969 жылғы түлегі, ҚР- ның еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет саласының үздігі, «Жамбыл облысының құрметті азаматы», сазгер, облыстық филармония дирижеры Рахманқұлов Мұхтар Рахманқұлұлымен кездесу өтті. Кездесу барысында халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген сазгер ағамыздың өрнегі мол жырларын «Тараз триосы» шәкірттері тарту етсе, №2 мектеп оқушысы Қанат Нұрғанат ағамызға өз өлең жолдарынан арнау оқыды. Кездесу соңында кеш қонағы өзі білім алған мектеп ордасына, неше жыл жан серігі болған баян аспабын тарту етіп, ауылдастары мен жасөспірімдерге ыстық лебізін білдірді.
Жомарттық – рухтың байлығы
Жомарттық көрсетіп, жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету – халқымыздың мақтан тұтар дәстүрлерінің бірі. Бұл дәстүр қазақ тіршілігінде өз маңыздылығын жойған жоқ. Оның айқын дәлелі ретінде бүгінгі Тәтті ауылындағы «Жомарт түлек» жобасы аясында осы ауылдың тумасы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Қазақстанда «STEM» оқыту жүйесінің негізін қалаушы, кәсіпкер Әбутәліп Мүтәлі мырзаның М.Мәметова атындағы №13 жалпы орта білім беретін мектебіне құны 12 млн теңгені құрайтын «STEM» лабораториясын сыйға тартқанын мақтанышпен айтуға болады.
Жалпы «STEM» бағдарламасында жартылыстану ғылымы, жаңа технологиялар, математика, инженерлік бағытқа баса назар аударылған. Зертханада бір мезетте 20 бала сүйікті ісімен айналыса алады. Кабинетте 3D модельдеу аймағы, конструкторлық бюро, тестілеу зонасы сынды робаттарды жасауға арналған орын бар.
Кәсібінен нәсібін тапқан азамат Әбутәліп мырза игі іс жасап, робототехника кабинетін ашуға 12 млн теңгеге жуық қаржы салып, ауылдың болашағы – жас жеткіншектердің мектеп қабырғасынан-ақ робототехника шеңберінде бағдарламалаудың жалпы негіздерін үйреніп, өздерінің инженерлік ойлау жүйесін қалыптастыруға жол ашып отыр.
Іс-шара барысында «STEM» лабораториясы кабинетінің лентасы қиылып, келген қонақтар жылы лебізін білдіріп, аудандық білім бөлімі бас маманы Қ.Зеткулов, ауыл ақсақалдары мен мектеп директоры Қ.Боржуков жерлесімізге алғысын айтты. Мектептің АКТ залында жалғасын тапқан шарада Мүтәлі Әбутәліптің «Хабар 24» телеарнасына берілген сұхбатынан үзінді видеоролик көрсетілді. Сондай-ақ қонақтар мектептің көркем өнерпаздары дайындаған бағдарламаларын тамашалады. Іс-шара соңында Әбутәліп мырза отбасымен сөз алып, ауылдастарына рахметін айтты. Жергілікті ақын Ә. Қоңқабаевтың Мүтәлі Әбутәліпке арнаған «Арнау» өлеңі оқылып, ауыл ақсақалдары ақ батасын берді.