Үлкендер жолы-ұлылық
Қазақ қашаннан ардагерін ардақтап, еңбегін үлгі етсе, жалпы адамзат баласы алдында ұстаз еңбегінің алар мәртебесі ерекше. Саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім беріп, тәрбиелеуге арналған ауданымыздың ардагер ұстаздары біздің жүрегімізден ерекше бір құрметпен орын алады. «Үлкенге – құрмет, кішіге ізет» көрсету, білім саласының қызметкерлерінің еңбегін дәріптеу мақсатында Меркі ауданы әкімдігінің білім бөлімінің ұйымдастыруымен білім саласында басшылық қызметте болып, саналы ғұмырын ұстаздық етумен өткізген ұстаздардың ұстаздары шақырылып, басқосу шарасы өткізілді. Айтар ақылы мен берер ұлағаты көп ұстаздарымызбен өткен кездесуде өрейлі ой қозғалып, заман талабына сай білім берудің актуалды мәселелері мен естеліктерді тілге тиек етті.
Өмір – өз өнегесімен өлшенеді. Адам өмірінің өлшемі –ғұмырындағы мәнді тірлігімен, елге тигізген пайдасымен, өнегелі істерімен өлшенетіні анық. Бүгінгі шақырылған қонақтарымыз осындай жоғары бағаға лайықты жандар. Өйткені ардагер ұстаздарымыз әлі де ауданымыздың өркендеуіне үлестерін қосып, қоғамдық істердің қасынан табылатын нағыз ұрпақ жанашырлары. Мемлекетіміз мерейлеп мұғалім мәртебесіне қолдау көрсеткен тұста осындай аға буын ұстаздарымыз бедел биігінің үлгісіндей бола білді.
Көктемнің алғашқы күнімен жарқырап келген мерекеде аяулы ұстаздарымызға мықты денсаулық пен ұрпақтар сабақтастығының бедел биігінен көріне берулеріне тілектеспіз!