Тарихы тереңде жатқан Түркістан өлкесінде бірнеше ғасырдың куәсі болған қалалар, тарихи ғимараттар, кесенелер мен киелі орындар жетерлік. Бүгінгі күнге дейін сақталған көне ғимараттардың сәулеті шынында да таң қалдырады. Еліміздің рухани астанасы, ежелден мұсылман атаулы тәу етіп барып, ниет қылатын құтты орын, түркілердің төл мекені – Түркістанға Меркі аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті тарапынан сауықтыру сапары жүзеге асырылды.
Саяхатқа аудандық білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінен 109 педагог пен 64 кіші қызметкер қамтылды. Сонымен қатар «Балалар жылына» орай 75 бала барып, еліміздің түркі тілдес халықтардың рухани орталығы, Қазақ хандығының саяси астанасы болған Түркістан қаласын аралап, Түркістан қаласындағы сәулет өнерінің көркем туындысы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішкі-сыртқы бейнесі, оның төбесіне орнатылған шарлары, ішіндегі шырағдан (шамдал), Тайқазан, тарихи тұлғалардың ескерткіштері мен кесенелерін көріп, өте құнды әрі бағалы көне жәдігерлер тарихымен танысты.